Logo
Іздеу
Айдарлар

Петропавлда бұрынғы сот төрағалары пара алғаны үшін сотталды

/
Петропавлда бұрынғы сот төрағалары пара алғаны үшін сотталды
Сурет: Рixabay

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысының сот жүйесін дүр сілкіндірген атышулы қылмыстық іс өз мәресіне жетті. Бұрынғы жоғары лауазымды судьялар мен кәсіпкерлер тобы парақорлық пен жемқорлық деректері бойынша айыпты деп танылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу материалдарына сүйенсек, бұл істің жібі ірі жер дауын шешуден басталған. Астық компанияларының бірі 900 миллион теңгеге жуық қарызын өтей алмай, шаруалардың үлестік жерлерін банкке кепілге қойған. Бұл іс сотқа жеткенде, алматылық заңгер Артем Иванов «мәселені оңтайлы шешу» үшін коллекторлық агенттік атынан сотқа ықпал етпек болған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұрынғы төрағасы Бекбол Баймахановтың жұмыс кабинетінен «мәміленің» бір бөлігі — 15 мың АҚШ доллары табылды. Жалпы пара көлемі 50 мың доллар болуы тиіс еді.

Сот барысында тағы бір жемқорлық дерегі әшкере болды. Аққайың ауданында жол жөндеумен айналысқан компания жұмысты сапасыз атқарған. Тапсырыс беруші сот арқылы кәсіпорынды «жосықсыз» деп тануды талап еткенде, кәсіпкерлер Геворг Погосян мен Гамлет Мелконян сот төрағаларына шығудың жолын іздеген.

Петропавл қалалық №2 сотының бұрынғы төрағасы Ерлан Ибраев бұл іске араласып, әріптесі Баймахановтан оң шешім шығарып беруін өтінген. Бұл «қызмет» үшін екі судьяға 2,5 миллион теңге көлемінде пара берілгені анықталды.

Судья Әсем Жаналина үкімді жариялай отырып, судьялардың заң алдындағы жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін қадап айтты. «Мұндай әрекеттер қоғамның сот жүйесіне деген сеніміне сызат түсіреді», — деді ол.

Сот шешімімен:

Бекбол Баймаханов — 8 жылға;

Ерлан Ибраев — 6 жылға;

Артем Иванов (заңгер) — 6 жылға;

Гамлет Мелконян (кәсіпкер) — 4 жылға;

Геворг Погосян (кәсіпкер) — 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Барлық сотталушылар жазасын колонияда өтейтін болады. Сонымен қатар, экс-судьялар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.