Оқиға Студентік қалашық шағын ауданында болған. Қаза тапқандар бір подъездегі әртүрлі пәтерлерде тұрған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алдымен 20 жастағы студент қыздың мәйіті табылды. Пәтер иесі үйді тексеруге келген кезде жуынатын бөлменің есігі ішінен жабық тұрғанын байқайды. Есікті ашқанда қыздың жансыз денесі ванна ішінде жатқан. Осыдан кейін оқиға орнына полиция мен құтқарушылар шақырылған.
Қызметкерлер подъезді аралап, басқа пәтерлерді тексере бастағанда тағы үш адамның мәйіті табылған. Бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесі анықталған. Ал екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіттің жансыз денесі табылған.
Үй тұрғындарының айтуынша, подъезде бірнеше күн бойы газдың иісі сезілген. Бірақ ешқандай шара қабылданбаған.
Полиция адам өліміне әкелген қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.