Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстанда кімдер 2 млн теңгеден жоғары жалақы алады?

/
Қазақстанда кімдер 2 млн теңгеден жоғары жалақы алады?
Сурет: Рixabay

2026 жылдың ақпан айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 99 мыңға жуық бос жұмыс орнын орналастырса, жұмыс іздеушілер 125 мыңға жуық түйіндеме қалдырған. Қаңтар айымен салыстырғанда нарықтағы белсенділік сәл төмендеді: жұмыс ұсыныстары азайып, түйіндемелер саны да айтарлықтай қысқарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс күшіне деген ең жоғары сұраныс дәстүрлі түрде әлеуметтік сала мен қызмет көрсету секторында байқалады. Бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Сондай-ақ қызмет көрсету, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібі салаларында да мамандар белсенді түрде іздестірілуде.

Жұмыс берушілер көбінесе орта білікті мамандарға жұмыс ұсынады. Екінші орында – жоғары білікті кадрлар, одан кейін біліктілігі жоқ жұмысшыларға арналған бос орындар тұр.

Жұмыс туралы ең көп ұсыныстар Павлодар облысында, Астанада, Түркістан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында орналастырылған.

Жұмысты ең белсенді іздегендер – Түркістан облысының, Астана қаласының, Алматы облысы мен Алматы қаласының тұрғындары. Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі жастар өте көп.

Ақпан айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы мұнай және газ кен орындарын игеру жөніндегі инженер-зерттеушілер үшін тіркелді – шамамен 3,6 млн теңге. Сондай-ақ құрылыстағы бас технологтар мен материалтану мамандарына да жоғары төлем ұсынылған.

Өз кезегінде жұмыс іздеушілер ең жоғары жалақыны авиация және инвестициялық менеджмент салаларынан күтеді. Сондай-ақ білім беру курстарын әзірлеумен айналысатын мамандардың да үміті жоғары. Жалпы алғанда, еңбек нарығындағы сұраныс құрылымы тұрақты: жұмыс берушілер әлеуметтік сала, қызмет көрсету және жұмысшы мамандықтары бойынша қызметкерлерді іздеуді жалғастыруда, ал жұмыс іздеушілер арасында басты белсенділікті жастар көрсетіп отыр.