Ақмола облысының Степногорск қаласында бес жасар бала көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан құлап, көз жұмды.
Оқиға кеше кешкі уақытта болған. Ауыр жарақат алған бала жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер реанимациялық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс аясында тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтауда. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында балалардың терезеден құлауына қатысты бес жағдай тіркелген. Соның бірі қайғылы аяқталған.
Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Баланы қараусыз қалдырмау – ең басты талап.