Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Астанада болған ірі ұстау шарасы туралы хабарлады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Елордалық полицияның баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әбеновтің айтуынша, түнде Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ІІМ қызметкерлері қаруланған екі шетелдікті ұстаған көрінеді.
«Түнде "Хайвилл" ауданындағы пәтерлердің бірінде қару-жарақ арсеналы — мылтықтар мен тапаншалары бар екі шетелдік ұсталды», - делінген оның жазбасында.

Полиция бұл жазбаға қатысты жауап берді:
«Әлеуметтік желілерде тарап жатқан шетелдіктердің қару-жарақ арсеналымен ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», - деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Дегенмен, тұрғын үйге күдікті заттардың әкелінгені расталды.
«Шағым қырағы тұрғыннан түскен, содан кейін оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері келді. Тексеру барысында жәшіктің ішінде тарихи және мәдени құндылығы бар антикварлық қару-жарақтар болғаны анықталды», - деп түсіндірді ПД өкілдері.
Полиция мәліметінше, тәркіленген заттар заманауи жауынгерлік қаруға жатпайды.
«Сарапшылардың қорытындысы бойынша, олар заманауи жауынгерлік қару емес. Тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деп атап өтті ведомстводан.
Сонымен қатар, полиция бұл факт бойынша қолданыстағы заңнама аясында тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.