Сот сауда үйінің алдында медицина қызметкеріне шабуыл жасаған ер адамға қатысты үкім шығарды. Ол жедел жәрдем бригадасының көрсеткен көмегіне көңілі толмаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
13 наурызда Астананың мас тұрғыны сауда үйінің тұрағында жедел жәрдем фельдшеріне тап берген.
Ер адам медицина қызметкерлерінің жұмысына наразылық білдіріп, фельдшерге күш қолданған. Абырой болғанда медицина қызметкері ауыр жарақат алмаған.
Астананың ауданаралық соты шабуыл жасаушыны ең төменгі қауіпсіздік колониясында 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Айыпталушы кінәсін мойындап, өзін темір торға жаппауды сұраған, алайда сот оның бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзғанын және қоғамдық орындарда ішімдік ішкенін ескерді.
«Қылмысты мас күйінде жасау жағдайды ауырлататын мән-жай ретінде танылды», - деп хабарлады соттан.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған шағымдана алады.