Алматыда ЛГБТ белсендісі Әмір Шайкежанов өзінің трансгендер қызметкерін зорлағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
HALYQSTAN телеграм арнасының жазуынша, жәбірленушінің тегі мен құжаттары бойынша әйел адам, бірақ өзін Елисей деп таныстырып, ер адам ретінде көрсетеді.
Елисейдің айтуынша, олар Әмірмен бірге «сана-сезімі өзгерген күйде» болған, «ТГК қосылған вейп» шеккен, содан кейін оның денсаулығы сыр беріп, ұйықтап қалған. Ал Әмір оны ұйықтап жатқан жерінде зорлады делінген. Өз сөзіне дәлел ретінде Елисей сол кабинетте түсірілген, бірақ кесілген жағаұстатарлық бейнежазбаны көрсеткен.
Осыдан кейін бірден полиция түнгі бардың иесі Әмір Шайкежановты ұстап, кейін қамауға алды. Ресми мәлімдемеде зардап шегуші әйел адам екені көрсетілген.
Әмір Шайкежанов ол кезде болған жайтты жоққа шығармады, бірақ бәрі өз еркімен болғанын түсіндірді. Ол Елисейден кешірім сұрап, психологтың қызметін төлеп беруді ұсынған.
«Қылмыс құрамының жоқтығын растайтын бейнежазба мен сараптамалар бар», - деп мәлімдеген еді Шайкежанов сол уақытта.
Іс Медеу аудандық №2 сотында жабық режимде қаралды. Шайкежановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылды: зорлау және басқа адамға АИТВ жұқтыру қаупін әдейі төндіру.
Бүгін үкім белгілі болды.
«Сот 2025 жылдың наурызында Ш. есімді азаматтың қасақана әрекет етіп, қызметкері А.-ға психофизиологиялық күйге әсер ететін белгісіз затты қолдануды ұсыну арқылы оны дәрменсіз күйге түсіргенін анықтады. Осыдан кейін оның дәрменсіз күйін және ерікті келісімінің жоқтығын пайдаланып, еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен. Сонымен қатар, Ш. өзінде адамның иммундық тапшылығы вирусы (АИТВ) бар екенін нақты біле тұра, жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түсіп, оған АИТВ жұқтыру қаупін әдейі төндірген. Сотталушының айыбы іс бойынша жиналған дәлелдермен, жәбірленушінің айғақтарымен және бейнежазбамен дәлелденді», - деп хабарлады соттан.
Шайкежанов өз кінәсін мойындамады. Елисей оны бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Істе жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде Шайкежанов кінәлі деп танылды.
«Қылмыстық теріс қылыққа жататын ҚК 118-бабының 1-бөлігі бойынша Шайкежанов ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды. ҚК 120-бабының 1-бөлігі (ауыр қылмыс) бойынша оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді», — деп мәлімдеді сот.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.