Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Балаларға арналған қазақша өнімдер көп пе?

Балаларға арналған қазақша өнімдер көп пе?
Сурет: Arasha.kz

Қазір елімізде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы айтарлықтай дамып келеді. Соңғы бес жылда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше  132 балалар кітабы жарық көріп, таралымы 396 мыңға жетті. Бұл балалардың оқуға деген қабілетін, қызығушылығын арттыруға бағытталған. 

Дегенмен ата-аналар балаларына қажетті кітаптар мен ғаламтордан көруге болатын қазақ тіліндегі тұщымды контенттерді таба алып жүр ме? Тапқаннан бұрын олар жеткілікті ме? Сапасы қандай? Астана қаласының тұрғыны ақын, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының анонс бөлімінің редакторы Құралай Омар балабақша жасындағы қыздарына ютубтан көрсететін дүние таппағанын, тапса да сапасы сын көтермейтінін, ал кітап дүкендерінде балаларға арналған қазақша кітаптың мүлде аз болғандығын атап өтті. 

«Екінші баламен декреттік демалыста отырғанда «COCOBOOK» баспасынан балаларға арналған тақпақтар жазуға ұсыныс түсті. 2024 жылдан бері осы баспамен жұмыс істеп келемін. Кітаптары өте сапалы, тартымды. Жалпы, кішкентай баланы кітапқа қызықтыру үшін оның суреті, безендірілуі әдемі болғаны дұрыс. Тактильді немесе ойыншыққа ұқсайтын кітаптар бүлдіршіндерді бірден баурап алады. Сосын, әрине мәтіні сапалы, балаларға түсінікті болғаны жөн. Маған кітаптың тек суреттері жіберіледі. Сол суретке қарап отырып жаздым. Кітап екі тілде шығады. Аударма болып кетпеу үшін маған орысша нұсқасын жібермейді. Кітаптың суреттері әдемі, тартымды, мәтіні де сапалы болғандықтан, бұл кітаптарға сұраныс та көп. Осы уақытқа дейін «COCOBOOK» баспасынан 20-ға жуық кітабым шықты. Жаңа жылдан бері 40 шақты кітапқа тақпақ жаздым. Бұйырса, олар да жарық көреді. Сонымен қатар, «Арман-ПВ» баспасынан бір ертегім кітап болып шықты. Бұл баспа да балаларға арнап әртүрлі авторлардың 20 кітабын шығарды. Жалпы, ата-аналар балаға кішкентай кезінен ертегі айтуы керек. Ертегі тыңдап өскен баланың қиялы жүйрік болады. Себебі, мектеп жасына дейінгі балаларға айналасын тану өте қызық. Кітап баланың қиялын дамытатын, тілі жеңіл болғаны дұрыс. Ал бастауыш сынып оқушыларына қиял-ғажайып, фантастикалық шығармалар өтімді деп ойлаймын», - дейді ақын Құралай Омар.

Ақынның сөзінің жаны бар, Қазақстанда балалар фантастика мен комикс жанрына ерекше ден қоюда. Әсіресе шетелдік жазушы Джоан Роулингтің «Харри Поттерін» сүйсініп оқуда. Жалпы, ұлттық кино, ұлттық ертегі, ұлттық мультфильмдер арқылы ұрпақ санасына еліміздің құндылықтарын сіңіруге болады. Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі көптеген отандық анимациялар түсіріп, шетелдік фильмдерді қазақшалап жатыр.