Шымкенттік блогер әрі журналист бопсалау қылмысы бойынша кінәлі деп танылды. Арай Есенбек 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша Шымкент әкімі аппараты жәбірленуші тарап ретінде танылды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Halyqstan телеграм арнасына сілтеме жасап.
Есенбек өткен жылдың қараша айында ұсталған болатын. Ол әкімдік қызметін дискредитациялайтын (беделін түсіретін) материалдарды таратпау үшін 10 млн теңге талап еткен.
Сол кезде желіде оның Шымкент әкімдігінің қызметкерімен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбасы тарап кетті. Әңгіме барысында мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алу мәселесі талқыланған.
Айта кетейік, Арай тек журналист қана емес, сонымен бірге «AMANAT» партиясында, сондай-ақ әкімдіктің баспасөз қызметінде жұмыс істеген. Ол белгілі бір уақыт бойы Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің баспасөз хатшысы лауазымын атқарған.
Есенбекке қатысты сот процесі кезінде жәбірленуші тараптың атынан қатысуы тиіс әкімдіктің екі қызметкері сотқа дәлелді себепсіз келмегені үшін айыппұл арқалағанын атап өткен жөн. Тіпті соттың оларды мәжбүрлеп әкелу туралы шешімі де көмектеспеген. Соның салдарынан сот отырысы үш рет кейінге шегерілді. Кейінірек олар сотқа келгенімен, төрелікке құрмет көрсетпегені үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.