Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Қазақстан су сатуы керек – профессор

Қазақстан су сатуы керек – профессор
Сурет: Рixabay

Қазақстан көп суды егістікке жұмсап, одан шыққан өнімді сыртқы нарыққа арзанға жіберіп жатыр. Одан гөрі, ол сапалы суды үнемдеп, техникалық суды тазарту арқылы табысқа жетуге болады. Елімізде су тазарту технологияларын көбейту қажеттігі жайында геоматика профессоры, Қазақстан-Британ техникалық университетінің оқытушысы Жанай Сағын «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Бізде «боржоми» сияқты жақсы суды алып бидай, қарбыз өсіруге жұмсап, оны тиынға сатады. Мысалы, Ауғанстанға арзан бидай сатады. Одан гөрі суды алып тазалап, «Кока кола», «Пепси кола» бар, одан кейін тіпті, ішетін су сату керек. Мысалы Қызылордада күріш өсіріледі, оған талай су кетеді. Жақсы су бостан босқа кетіп жатыр. Одан да суды тазалап сату керек Иранға болсын, Пәкістанға болсын су жетпей жатыр. Ішетін су сату керек», - деді Жанай Сағын. 

Профессор бүгінде суға мұнай мен газ, алтын секілді бағалы ресурс ретінде қараудың маңыздылығын баса айтты. Жерасты суларының гидрогеологиялық зерттеуін жүргізіп, судың түр-түріне қарай базасын жасау керек. Қазақстанда сапалы су мұнай-газ индустриясында қолданылып жатыр. Спикердің айтуынша, онда тек қана техникалық суды қолданған жөн. Сонымен қатар, техникалық суды тазарту арқылы оны сатып пайда табуға болады.

«Мысалы Сингапур Малайзиядан кір суды алады. Зауыттарын қойып, суды тазалайды. Сосын ішетін суды Малайзияға қайтадан сатады. Қазақстан ортада орналасқан. Солтүстікте орыстар бар, су көп ол жақта. Иран, Пәкістанда су жоқ. Ресейде қар суы көп. Одан гөрі техникалық суды алу керек. Су тазалайтын технологияны көбейту керек. Ішетін суды сату керек», - деді бағдарлама қонағы. 

Қазақстанда өзен-көлдердің 80%-дан астамы цифрландырылды

Қазақстанда су ресурстарының 80%-дан астамы цифрландырылды. Бұл жайында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ақпараттық талдау орталығының жоба жетекшісі Ермахан Полат «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбаты барысында айтты. 

«2024 жылы құрылған Ақпараттық-талдау орталығының басты бағыттарының бірі су саласын цифрландыру. Орталықтың бастамасымен су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі бой көтерді. Қазіргі таңда еліміздегі өзен-көлдердің 80%-дан астамы цифрландырылды», - деді ол. 

Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы министрліктің бастамасымен су қорын есепке алу, мониторингілеу, модельдеу және басқаруды цифрландыру үшін құрылған. Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру, 3,5 мың шақырымнан астам каналдарды цифрландыру. Орталық сонымен қатар су саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған ішкі талдаулар жүргізеді.

«Су және білім» жобасы іске қосылды

Қызылорда облысының оқушылары су үнемдеуді үйреніп жатыр. Пилоттық жобаға 55 мектеп тартылған. «Су және білім» жобасы халықаралық дәрежеге ие. 

«Қазіргі таңда елімізде халықаралық жоба бой көтерді деп айтсақ болады. Ол «Су және білім» деп аталатын жоба. Халықаралық Аралды құтқару қорының, Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, ЮНИСЕФ балалар қоры мен француз даму агенттігінің қаржыландыруымен осы жоба бой көтерді. Жоба Қызылорда өңірі, Арал теңізі бассейні бойында атқарылып жатыр. Бұл жобаның мәні жастар мен балалар арасында идеологиялық білім беру, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру болып табылады. 67 мыңнан астам оқушы, 800-ден астам педагог қатысып жатыр. 10 пилоттық мектеп, 45 магниттік мектеп тартылған», - деді Ермахан Полат