Спорт – ең бейбіт бәсеке. Мұнда қай елдің спортшысы байрақты бәсекеде қара үзіп шығады, соны мойындайды, тиісті марапатын беріп ұлықтайды. Әрі өз елінің мәртебесін асырған спортшыға құрмет те ерек. Спортшының жеңісі тек өзінің ғана емес, елінің жеңісі саналатындықтан спорт саласын дамыту сонау ғасырлардан бері жалғасып келе жатыр.
Жыл басынан бері І тоқсан бойынша еліміздің спортшылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерімен көрініп келеді. Жазғы олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 138 медаль жеңіп алды. Оның 51-і алтын, 39-ы күміс, 48-ін қола құрайды. Ұлттық спорт түрінен жерлестеріміз 22 медальді иеленіп, 9 алтын, 6 күміс, 7 қоланы қоржынға салды.
Сондай-ақ, параолимпиадашылар да табыстан құр алақан емес. Бірінші тоқсанда 15 алтын, 10 күміс, 9 қола жеңіп алып, жалпы саны 34 медаль иеленді.
Қысқы спорт түрлерінен отандастарымыз 4 алтын 2 күміс әкелді. Қорыта айтқанда, І тоқсанда Қазақстан құрамасы ұзын-саны 200 медаль олжалап қайтты. Яғни 79 алтын, 57 күміс, 64 қола – бұл ең жақсы көрсеткіш.
Бұдан бөлек, велотректен еліміздің жасөспірім қыздар құрамасы Филиппинде өткен Азия чемпионатында жеңіп шығып, тарихи алтын медальді елге зор қуанышпен алып қайтты.
Швейцарияда спорттың фристайл-акробатика түрінен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Асан Асылхан алтын иеленді. Ал Бакуде өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогі кезеңінде Милад Карими екі күміс медаль олжалады. Коньки жарысынан Кристина Шумекова 5 алтын медаль жеңіп алып, жерлестерін марқайтты.
Осы ретте 2025 жылы өткен қысқы спорт түрлерін қысқаша айта кетсек, өте табысты кезең болды. Қазақстандық спортшылар әлемдік және құрлықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын үздік қорғады. Конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, фристайл, пара биатлон секілді спорт түрлерінен айтарлықтай жеңістерге жетті. 2025 жылғы әлем чемпионатында Михаил Шайдоров күміс медаль жеңіп алса, пара биатлоннан Ербол Хамитов Әлем кубогының хрустал глобусын иеленді. Бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш жеңіс болатын және өз кезегінде пара спорттың да дамуына үлесін қосты. Ал биыл ақпан айында Италияда өткен Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров алтын жеңіп алып, дүйім қазақты қуантты.
Осылайша өткен жылдың қысқы спорттағы жетістіктері – Қазақстан спортшыларының әлемдік деңгейдегі бәсекелерден жүлде алуға қабілетті екендіктерін дәлелдеді.