Қазақстан мектептерінде оқушыларға смартфон қолдануға шектеу енгізілуі мүмкін. Бұл мәселеге қатысты соңғы шешімді Оқу-ағарту министрлігі қабылдайды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәжіліс депутаттары "Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері" жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Құжатта орта білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдалану тәртібін бірыңғай ереже арқылы реттеу ұсынылған.
Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта әр мектеп смартфон қолдану мәселесін өздігінше шешіп отыр. Соның салдарынан бір білім орнында телефонға тыйым салынса, басқа мектептерде оған рұқсат беріледі.
Осыған байланысты депутаттар барлық оқу орындарына ортақ ереже енгізуді ұсынып отыр. Бұл құзырет Оқу-ағарту министрлігіне беріліп, ведомство мектептер үшін бірыңғай әрі түсінікті саясат қалыптастыруы тиіс.
Сонымен қатар заң жобасында педагогтердің жауапкершілігін нақтылау, яғни олардың тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болуын белгілеу қарастырылған. Бұдан бөлек, мұғалімдердің есепті бір мезгілде қағаз және электронды түрде жүргізуін тоқтату, сондай-ақ ата-аналардың балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін күшейту ұсынылған.
Заң жобасы алдағы уақытта екінші оқылымда қайта қаралып, кейін Сенаттың талқылауына ұсынылады.