Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Құрылтай депутаттары әдеп ережелерін бұзғаны үшін қалай жазаланады?

Құрылтай депутаттары әдеп ережелерін бұзғаны үшін қалай жазаланады?
Сурет: pexels

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Үкімет кулуарында «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» жаңа заңдағы депутаттық әдеп нормаларын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Депутаттық әдеп пен мәдениет мәселелері де заңның нысанына айналуда. Алдағы уақытта Құрылтай сайланған соң, ол қабылдайтын алғашқы құжат — толық жазылған регламент болатын шығар. Қазір заңда депутаттарға Құрылтай мінберін жеке мәселелері үшін пайдалануға тыйым салынатыны да жазылған», - деп ескертті ол.

Журналистер әдеп нормаларын бұзған депутаттарға айыппұл салына ма деп нақтылады.

«Жоқ, бізде айыппұл қарастырылмаған, бірақ жазаның бірнеше форматы бар. Атап айтқанда: сөгіс беру, бір немесе үш отырыс бойы сөз сөйлеу құқығынан айыру. Мұндай жағдайда депутат сұрақ қоя алмайды және депутаттық сауал жолдай алмайды.

Оған жай ғана сөз бермейді, микрофонын қоспайды. Бұл  жаңа парламенттік және саяси мәдениетті қалыптастыруға тиіс маңызды институт деп ойлаймын», - деді Айдос Сарым.

Ал депутаттық мандаттан айыру мәселесі, оның айтуынша, бөлек қарастырылады.

«Мандаттан екі жағдайда айыруы мүмкін. Бұл партиялық сайлау болатындықтан, егер депутат партияның ұсыныстарын тыңдамаса, партияның беделіне нұқсан келтірсе және т.б. жағдайларда партияның өзі бастама көтере алады.

Немесе мемлекеттік институттар араласатын шешімдер болуы мүмкін. Мысалы, адам қылмыс жасап, қылмыс үстінде ұсталса. Мұндай жағдайда Бас прокурор Орталық сайлау комиссиясымен бірге келетін арнайы тәртіп бар, бұл заңда егжей-тегжейлі жазылған», - деп түйіндеді мәжілісмен.