Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық инспекциялары жолаушылар теміржол тасымалы саласында мемлекеттік бақылауды тұрақты негізде жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осы жылдың 4 айында 280 жолаушылар пойызында бақылау іс-шаралары жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша Жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзудың 569 дерегі, билетсіз жүрген 88 жолаушы, сондай-ақ рәсімделмеген 1 308 кг жүк анықталды.
Тексеру барысында вагондардың техникалық жай-күйіне, сервистік қызмет көрсету сапасына, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар мен жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жылжымалы құрамды пайдалануға жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 9 жолаушылар вагонын пайдалануға уақытша тыйым салынды.
Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бағытындағы бақылау жұмыстарын жалғастырады.