2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының басталуына аз уақыт қалса да, Қытай турнирді көрсету құқығын әлі ала алмай отыр. Әлемдегі ең үлкен аудиториялардың бірі саналатын бұл ел үшін мәселе негізінен бағаға тірелген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Global Times басылымының мәліметінше, FIFA мен Қытайдың Орталық телеарнасы CCTV трансляция құны бойынша ортақ келісімге келе алмай жатыр.
Хабарланғандай, FIFA әлем чемпионатын көрсету құқығы үшін 250-300 миллион доллар сұраған. Ал Қытай тарапы бастапқыда бұл мақсатқа 60-80 миллион доллар ғана қарастырған. Кейін ұсынылған сома 120-150 миллион долларға дейін көтерілгенімен, тараптар әлі мәмілеге келмеген.
Қытай футбол нарығы үшін аса маңызды елдердің бірі саналады. Бұған дейінгі әлем чемпионатында қытайлық жанкүйерлер ерекше белсенділік танытқан. Әлем бойынша теледидар арқылы футбол көрген көрермендердің шамамен 18 пайызы Қытай тұрғындары болған. Ал онлайн трансляцияларды тамашалағандардың едәуір бөлігі де осы елдің аудиториясына тиесілі.
Сарапшылар Қытай тарапының жоғары бағаға келіспеуіне бірнеше себеп бар екенін айтады. Біріншіден, Қытай ұлттық құрамасының әлем чемпионатына жолдама ала алмауы жанкүйерлер қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Екіншіден, турнир АҚШ, Канада және Мексикада өтетіндіктен, матчтардың көбі Қытай уақытымен түнде немесе таңға жуық көрсетіледі. Бұл жарнама берушілер үшін де қолайсыз.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Егер FIFA мен Қытай тарапы жақын уақытта келісімге келмесе, миллиардтан астам халқы бар ел басты футбол додасының ресми трансляциясынан тыс қалуы мүмкін.