Ирландиялық аралас жекпе-жек (ММА) шебері Конор Макгрегор UFC 329 турнирінде американдық Макс Холлоуэймен қарымта кездесу өткізеді, деп хабарлайды Arasha.kz промоушеннің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Спортшылардың жартылай орта салмақтағы (77,1 келіге дейін) бұл текетіресі 2026 жылдың 11 шілдесінде Лас-Вегаста (Невада штаты, АҚШ) өтетін шоудың басты жекпе-жегі болмақ.
Қарсыластар арасындағы алғашқы кездесу 2013 жылдың тамызында өткен болатын. Ол кезде Макгрегор Холлоуэйді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген еді.
14 шілдеде 38 жасқа толатын ирландиялық спортшы 2021 жылдың шілдесінен бері ММА-де жекпе-жекке шықпаған. Сол кезде ол американдық Дастин Порьеден аяғынан ауыр жарақат алып, жеңіліп қалған болатын. Макгрегордың еншісінде жалпы 22 жеңіс және 6 жеңіліс бар.
Ирландиялық файтер — UFC тарихындағы тұңғыш қос салмақ дәрежесінің чемпионы. Ол жартылай жеңіл және жеңіл салмақ санаттарындағы чемпиондық белбеулерге иелік еткен.
Холлоуэй де осы дивизиондарда бағын сынаған. Американдық спортшы жартылай жеңіл салмақта чемпион болған еді. Қазіргі уақытта ол жеңіл салмақ рейтингінде төртінші орында тұр.
Кәсіби ММА-де 34 жастағы Холлоуэй 27 рет жеңіске жетіп, 9 рет жеңіліс тапқан. Наурыз айында өткен соңғы жекпе-жегінде ол бразилиялық Чарльз Оливейраға төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен есе жіберіп, символикалық BMF («ең басты бұзақы») белбеуінен айырылып қалды.