АҚШ-тың Айдахо штатындағы Маунтин-Хоум әскери әуе базасында өткен әуе шоуы кезінде екі ұшақ әуеде соқтығысты, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Синьхуа-ға сілтеме жасап.
Оқиға Gunfighter Skies әуе шоуы барысында болған. Бұл туралы Idaho Statesman басылымына база өкілі Антуан Хэнкс мәлімдеді.
Куәгерлер түсірген видеода соқтығысқаннан кейін екі ұшақтың ауада шыр айналып, кейін жерге құлап, соққыдан жарылғаны көрінеді. Апат орнында аспанға қара түтін көтерілген. Сондай-ақ әуеде төрт парашюттің ашылғаны байқалған.
Әуе шоуының жүргізушісі көрермендерге экипаж мүшелерінің сәтті катапульталғанын және парашюттердің қалыпты ашылғанын хабарлаған.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, соқтығысқан ұшақтар АҚШ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі болған. Тынық мұхиты флотының теңіз авиациясы қолбасшылығының өкілі, командер Амелия Умаям барлық төрт экипаж мүшесінің де сәтті катапульталғанын айтты. Оның сөзінше, жерде зардап шеккендер жоқ, ал ұшқыштардың жағдайы тұрақты.
Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Джефф Гуццетти әуеде соқтығысқан кезде барлық экипаж мүшесінің аман қалуы өте сирек жағдай екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұшақтардың бір-біріне ілініп қалып, бірден құламауы ұшқыштардың аман қалуына мүмкіндік берген.
- Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға техникалық ақау емес, пилоттардың қателігі себеп болуы мүмкін, - деді сарапшы.
Оқиғадан кейін әуе шоуының қалған бөлігі тоқтатылды. Қазір апаттың мән-жайын АҚШ Әскери-теңіз күштері тергеп жатыр.