Талдықорған қаласының пабликтері таратқан ақпаратқа сәйкес, футбол матчын тамашалаудан кейін жиырма жастағы жігіт қаза тапты. Марқұмның анасының айтуынша, 7 мамыр күні кешке ұлы футбол көру үшін достарына кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Пәтерде оншақты адам жиналған, олардың арасында 17 жастағы оқушы да болған. Жастар арасында кикілжің туындап, дауласып қалған. Олар далаға шыққанымен, кейінірек қайта жолыққан. Оқушы студентті шақырып алып, алдын ала болжам бойынша, оған алты рет пышақ сұққан. Жігіт алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.
Анасы қайғылы оқиғадан біраз уақыт бұрын ғана баласымен видеобайланыс арқылы сөйлескенін еске алады. Ол кезде ұлының көңіл-күйі жақсы болып, кейінірек қайта хабарласамын деп уәде берген.
Жетісу облысының полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазіргі таңда сараптамалар тағайындалып, жанжалға қатысушылардан жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы облыстық полиция басшылығының бақылауында екені атап өтілді.