Алматы облысында телефон алаяқтығының кезекті схемасының алды алынды. Талғардың қарт тұрғыны алаяқтардың құрбаны бола жаздады, деп хабарлайды Arasha.kz өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланғандай, бәрі қарапайым телефон қоңырауынан басталды.
Өзін емхана қызметкерімін деп таныстырған белгісіз біреу ер адамға вакцинация кезегін растау керектігін айтқан. Жағдай өте шынайы көрінген, өйткені зейнеткер бірнеше күн бұрын ғана екпе алу кезегінде тұрған.
«Растау үшін сізге SMS-код келеді, оны айтып жіберіңіз», – деген бұл өтініш күмән тудырмады. Алайда көп ұзамай тағы бір қоңырау түсті. Бұл жолы видеоқоңырау арқылы хабарласқан, бет-әлпеті Джеки Чанға ұқсайтын адам өзін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерімін деп таныстырды. Ол ер адамға бұған дейін алаяқтар хабарласқанын және қазір оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтты. «Қазір біз сізге код жібереміз және қаражатыңызды қорғау үшін барлық шоттарыңызды жауып тастаймыз», – деді ол.
Алайда іс жүзінде бұл бір ғана алаяқтық схеманың бөлігі болып шықты. Бірінші және екінші қоңырау да мұқият ойластырылған сценарийдің бөлігі еді. Оның мақсаты – сенімге кіру, ер адамның жеке деректері мен қаржылық ресурстарына қол жеткізу болатын.
Бақытымызға орай, қылмыстық ойды іске асыруға жол берілмеді. Полиция қызметкерлері уақытылы араласып, алаяқтық схеманың алдын алды.
Оның үстіне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қарт адамды ХҚКО-ға ертіп апарып, қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдады – алаяқтардың оның жеке және электронды деректеріне әрі қарай қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау үшін ЭЦҚ кілтін ауыстырып берді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай схемалар барған сайын күрделеніп барады: алаяқтар нақты өмірлік жағдайларды пайдаланады, шұғыл әрекет ету қажеттігін тудырады және жиі бірден бірнеше ұйымның атынан әрекет етеді.