Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Ұшақ билеттері неге арзандамады? Депутат Базарбек Үкіметті сынға алды

Ұшақ билеттері неге арзандамады? Депутат Базарбек Үкіметті сынға алды
Сурет: видеодан скрин

Парламент отырысында депутат Бақытжан Базарбек әуе отынына салынған ҚҚС жеңілдігінің тиімсіздігін айтып, Үкіметті қатаң сынға алды. Депутаттың айтуынша, бұл жеңілдік авиабилеттердің бағасын төмендетуі керек еді, алайда баға керісінше қымбаттаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Үкімет өкілдері салықтық жеңілдіктер билет бағасын 1 қаңтардан бастап төмендетеді деп уәде берген, бірақ нәтижесі болмады. Билет құнының 60–70 пайызын құрайтын отын шығынына арналған қаржыны авиакомпаниялар өз қалталарында сақтап қалып отыр.

Депутат Үкіметтің жеңілдік әсеріне талдау жасауды жарты жылдан бір жылға дейін созып, уәдесінен айнығанын сынады.

«Қазір не талдау, не түзетулер жоқ. Ал мұнда, пленарлық отырыста, сіздер бір жыл керек деп отырсыздар. Біз жұмыс тобында айтқан сөздеріңізді жақсы есте сақтап қалдық: ол жақта басқаны айтсаңыздар, мұнда мүлдем басқаша сөйлеп тұрсыздар. Мен өз ұстанымымда қаламын: Салық кодексі аясында біз ҚҚС төлеуге міндетті жандарды салықтан босаттық, ал іс жүзінде ҚҚС-ты босатылуы тиіс адамдардың иығына артып қойдық», - деді Базарбек Экономика вице-министрі Азамат Амринге қарата.

Вице-министр Азамат Амрин бұл мәселені бақылауға алатынын және нәтиже болмаса, жеңілдіктерді тоқтату мәселесін қарастыратынын жеткізді. Қазіргі таңда Үкімет талдау жұмыстарын тамыз айындағы есептіліктен кейін жүргізуді жоспарлап отыр.