Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Мейрамханалардағы ит еті: Ауыл шаруашылығы министрлігі не дейді?

Мейрамханалардағы ит еті: Ауыл шаруашылығы министрлігі не дейді?
Сурет: Arasha.kz

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қоғамдық тамақтану орындарында ит еті сатылуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Шенеунік ит еті тамаққа жарамды өнімдер қатарына жатпайтынын, ал нарыққа ресми түрде түсетін барлық ет ветеринарлық тексеру мен зертханалық бақылаудан өтетінін мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі атап өткендей, мейрамханалар мен асханаларды тексеру – санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің құзыретіне жатады.

– Ит еті тамаққа жарамды ет түрлеріне жатпайтынын түсіну керек. Бұл сиыр немесе жылқы еті емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі тек нарыққа тамақ ретінде түсетін ет пен шикізатты ғана тексереді, – деді А. Сұлтанов брифингте.

Бұл тақырып «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданғаннан кейін қызу талқылана бастады. Ең даулы тұстардың бірі – қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау орындарындағы мерзім болды. Енді ережелер мен мерзімдерді әкімдіктердің өздері анықтайтын болды.

Айта кетсек, жуырда Астанадағы дәмханаларға 750 келі иттің еті жеткізілгені туралы ақпарат тараған еді. Қоғам белсендісі Сергей Снегирев Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарына арналған ит етін жасырын дайындайтын көлеңкелі бизнес жылдар бойы жұмыс істеп келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Астанадағы бірқатар танымал франшизалар құрамына ит еті араластырылған фаршты сатып алған.