Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Хоккейден әлем чемпионаты: ширек финалға шыққан сегіз құрама анықталды

Хоккейден әлем чемпионаты: ширек финалға шыққан сегіз құрама анықталды
Fabrice COFFRINI / AFP via Getty Images. Суретте: хоккейден Канада құрамасы

Швейцарияда өтіп жатқан 2026 жылғы хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңі мәресіне жетті. Енді турнирді плей-оффқа жолдама алған сегіз құрама жалғастырады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

B тобындағы соңғы кездесуде Канада құрамасы Чехияны 3:2 есебімен жеңді. Канадалықтар бұл ойында Маклин Селебринидің екі голы мен Джон Таварестің шешуші шайбасының арқасында жеңіске жетті. Селебрини 35 және 48-минуттарда мергендік танытса, Таварес 50-минутта командасына жеңіс сыйлаған голды соқты.

Чехия құрамасы да қарсылық танытты. Марек Альшер 7-минутта есеп ашса, Доминик Кубалик 29-минутта көзге түсті. Дегенмен бұл голдар чехтарды жеңілістен құтқара алмады. Осы нәтижеден кейін Канада 20 ұпай жинап, өз тобын бірінші орынмен аяқтады. Чехия 13 ұпаймен үшінші сатыға тұрақтады.

A тобында турнир қожайыны Швейцария Финляндиядан 4:2 есебімен басым түсті. Алаң иелері сапынан Аттилио Бьяска, Кен Ягер және Нико Хишир гол соқты. Кен Ягер дубль авторы атанды. Финляндия құрамасының екі шайбасын Александр Барков енгізді.

Швейцария топтық кезеңде мүмкін болған барлық ұпайды жинап, 21 ұпаймен бірінші орын алды. Финляндия 18 ұпаймен екінші орынға жайғасты.

Осылайша, екі топтан төрт-төрттен үздік команда ширек финалға шықты. 1/4 финалдағы жұптар төмендегідей:

  • 28 мамыр, 19:20 – Финляндия – Чехия;
  • 28 мамыр, 19:20 – Канада – АҚШ;
  • 28 мамыр, 23:20 – Швейцария – Швеция;
  • 28 мамыр, 23:20 – Норвегия – Латвия.

Ал Ұлыбритания мен Италия құрамалары элиталық дивизиондағы орнын сақтап қала алмады. Келесі жылы олардың орнына Қазақстан мен Украина құрамалары жоғары дивизионда өнер көрсетеді.