Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды – Тоқаев

Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның басты құндылығы – егемендік пен тәуелсіздік екенін атап өтіп, ұлттық тарихты зерделеу мен тарихи сананы нығайту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстан өз болашағына сенімді, өркениетті әрі озық ойлы мемлекет ретінде батыл қадам жасауға тиіс.

– Біз өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде өзімізге сенімді болуымыз керек. Ешкімге жалтақтамай батыл әрекет етуіміз қажет. Бұдан басқа жол жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың қатары артып келе жатқанын атап өтті.

– Мақсаты айқын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мемлекет тағдырына жауапты екенін терең түсінеді. Олар еріктілер қатарына қосылып, қайырымдылық жасап, маңызды бастамаларды табысты іске асырып жүр. Нағыз отаншыл адам көзбояушылыққа бармайды, шын патриот ел мүддесі үшін табанды еңбек етеді. Жасампаз отаншылдық дегеніміз де – осы, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет үшін қысқа мерзімді мүддеден гөрі ұзақмерзімді даму маңызды екенін айтты.

– Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды. Сондықтан біз Абайдың ұлағатына сай «ақырын жүріп, анық басамыз». Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, алысқа көз тігеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлттық тарихты зерттеу мен тарихи мұраны сақтауға ерекше мән беріліп жатқанын жеткізді.

– Төл тарихымызға құрметпен қарап, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға баса назар аударамыз. Бұл бағытта белсенді жұмыс істелуде. Жошы хан жерленген Ұлытау аймағына облыс мәртебесі берілді. Елімізде Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. Біз бұл мекеменің ғылыми әлеуетін күшейте береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент жуырда Қазақстан тарихына арналған іргелі ғылыми еңбек жарық көретінін мәлімдеді.

– Көп ұзамай Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарыққа шығады. Оның бір томы түгелдей Алтын Орда тақырыбына арналды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі қазақстандықтар үшін ең қастерлі құндылық болып қала беретінін атап өтті.

Бөлісу