Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты резонанстық іс бойынша сот отырысында тергеу кезінде түсірілген бейнежазбалар көрсетілді. Онда айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев қайын атасы мен қайын енесін қалай өлтіргенін егжей-тегжейлі баяндаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айында Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында болған. Айыпталушының айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы жұбайының туыстарымен отбасылық мәселелер мен бала тәрбиесіне қатысты жанжалдасып жүрген.
Сотта Сарсемәлиев 2 қарашаға қараған түні әйелі мен балаларын ертіп ауылға келгенін айтты. Келесі күні таңертең туыстары балалардың ауылда қалуын талап етіп, осыдан кейін жанжал ушыға түскен.
Айыпталушының сөзінше, сол сәтте ол үйден кету, өзіне қол жұмсау немесе жұбайының туыстарын өлтіру секілді үш түрлі шешімді ойлаған. Ақыры кісі өлтіруге бел буғанын мәлімдеді.
Тергеу барысында берген жауабында ол алдымен сарайға кірген қайын енесіне пышақпен шабуыл жасағанын, артынша ішке келген қайын атасына да бірнеше рет соққы жасағанын айтқан.
Сотта көрсетілген бейнежазбада айыпталушы: «Кідірген жоқпын, тез өлтірдім. Егер бір сәтке болса да тоқтасам, ештеңе жүзеге аспай қалар еді», – деген.