Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Аслан Касеновқа қатысты бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Соттың мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған мұндай мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 319-бабына сәйкес, қылмыстық іс сотқа түскен кезде судья бұлтартпау шарасы мәселесін қарайды.
Осыған байланысты сот 2026 жылғы 5 маусымда бұрын таңдалған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдаған.
«Бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталды деген мәлімдемелер сот актісінің мазмұнына сәйкес келмейді», – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ сот қаулысы процеске қатысушылар мен олардың қорғаушылары қол жеткізе алатын «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесінде орналастырылатыны атап өтілді. Заңға сәйкес, адвокаттар мен іске қатысушы өзге тұлғалар сот актісімен белгіленген тәртіпте таныса алады.
Сот өкілдері жүктелген шектеулер мен міндеттер бұзылған жағдайда бұлтартпау шарасы қайта қаралып, тіпті қатаңдатылуы мүмкін екенін де ескертті.