Балқаш қаласында зейнеткер өзіне күтім жасау үшін қызынан ай сайын 10 АЕК көлемінде алимент өндіріп беруді сұрап, сотқа жүгінді. Бұл туралы ҚР Жоғарғы соты хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Талап қоюшы сотта күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек алуға қаражат қажет екенін айтқан. Оның сөзінше, қызы оған материалдық көмек көрсетпейді.
"Неке және отбасы туралы" кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз әрі көмекке мұқтаж ата-анасын асырауға міндетті.
Алайда Қарағанды облысы Балқаш қалалық соты істі қарау барысында зейнеткердің ай сайын 128 229 теңге зейнетақы алатынын анықтады. Сонымен қатар оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport көлігі бар екені белгілі болды.
Ал жауапкер, яғни зейнеткердің қызы, әкесінің талабымен келіспеген. Ол екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге табатынын айтқан.
Қызының сөзінше, әкесі материалдық көмекке мұқтаж емес. Себебі ол коттеджде жалғыз тұрады, көлігі бар, тұрақты зейнетақы алады, ал дәрігерлер оған тек дәрумендер тағайындаған.
Сот талап қоюшыны көмекке мұқтаж адамдар қатарына жатқызуға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Зейнеткер емделуге тұрақты шығындары барын және үздіксіз күтім қажет екенін айтқанымен, өзінің негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаражаты жетпейтінін дәлелдейтін сенімді құжат ұсынбаған.
Сонымен бірге сот зейнеткерге ұлы тарапынан материалдық көмек көрсетілетінін де анықтады.
Істі қарау кезінде талап қоюшының зейнетақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен жоғары екені, сондай-ақ тараптар арасында бұрыннан келіспеушілік бар екені ескерілді. Сот бұл да талап қоюға себеп болған жағдайлардың бірі болуы мүмкін екенін атап өтті.
Осылайша, тараптардың мүдделерін ескере отырып, сот зейнеткердің қызынан алимент өндіру туралы талабын қанағаттандырмады.
Сот шешіміне шағым түспеген, сондықтан ол заңды күшіне енді.