Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның қазасына себеп болған жол апатына қатысты сот процесінде жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы Әлібек Күмісбеков сотталушы Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы жол апаты 2026 жылдың 21 наурызына қараған түні әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан үш адам көз жұмды. Олар – 1996 жылы туған Еламан Қайыржанұлы, 2003 жылы туған Құмар Теңелбаева және 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек.
Сот отырысы барысында Александр Пак өз кінәсін мойындап, марқұмдардың жақындарынан кешірім сұрады. Сондай-ақ ол бостандыққа шыққаннан кейін де қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуге дайын екенін айтты.
Ал жәбірленуші тарап сотталушыны кешіргенін мәлімдеп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Соған қарамастан прокурор соттан Александр Пакқа 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінді.