Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы бұғатталған Freedom Bank қосымшасы қайта ашылғанын мәлімдеді. Алайда ол банк тарапынан ресми түсініктеме мен кешірім күтетінін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұған дейін журналист әлеуметтік желідегі парақшасында Freedom Bank қосымшасының ескертусіз бұғатталғанын жазған еді. Оның айтуынша, 24 маусым күні кешке қосымшаға қаламақы түскеннен кейін ол қаражатты Kaspi.kz қосымшасына аудармақ болған. Алайда аударым бірнеше рет өтпей, кейін қосымшасы толық бұғатталып қалған.
Осы жағдайдан кейін ол банктің жедел желісіне хабарласып, кейін Астанадағы банк бөлімшесіне барған. Журналистің сөзінше, одан өтініш жазу, Kaspi.kz қосымшасынан соңғы алты айдағы есепшот көшірмесін және зейнетақы аударымдары туралы мәлімет беру талап етілген. Алайда бұл құжаттардың не үшін қажет екені нақты түсіндірілмеген.
Енді журналист Facebook парақшасында қосымшасы ашылғанын, бірақ бұл мәселенің әріптестерінің қолдауының арқасында ғана шешілгенін жазды.
"Иә, қосымшаны ашты. Бірақ оны әріптестердің қолдауының арқасында ғана ашты", – деп жазды Өміржан Әбдіхалықұлы.
Оның айтуынша, бұл жағдай банк пен тұтынушы арасындағы қарым-қатынас мәдениетіне қатысты сұрақ тудырады. Журналист өзін қаржы ұйымының тұтынушысы ретінде ресми жауап алуға құқылы екенін атап өтті.
Өміржан Әбдіхалықұлы Freedom Bank өкілдерінен қосымшасының не себепті ескертусіз және түсіндірмесіз бұғатталғаны туралы ресми түсініктеме беруді сұраған. Оның айтуынша, түсініктеме заңға және банктің ішкі ережелеріне сілтеме жасалған ресми құжат түрінде, жауапты басшының қолы мен мекеме мөрі қойылып берілуі тиіс.
"Түсініктеме алу – қаржы ұйымының тұтынушысы ретіндегі қақым", – деді журналист.
Сонымен қатар ол банк тарапынан көпшілік алдында кешірім сұралуы қажет деп есептейді. Журналистің сөзінше, банк ресми парақшаларының бірінде тұтынушыға қолайсыздық тудырғаны үшін кешірім білдірсе, мәселе жабылады.
"Құрметті банк тұтынушысы, банктің қауіпсіздік мақсатындағы техникалық шешімдерінің кесірінен сізге қолайсыздық тудырғанымыз үшін банк сізден кешірім сұрайды" деп бір ауыз жазуы қажет. Болды. Сонымен тақырыпты жабамыз", – деп жазды ол.
Өміржан Әбдіхалықұлы банк осы екі өтінішті дүйсенбі жұмыс күні аяқталғанға дейін орындайды деп үміттенетінін жеткізді. Сондай-ақ ол осы мәселеде өзін қолдаған әріптестеріне алғыс айтты.