Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап бірнеше жаңа міндетті пәндер мен оқу курстары енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz, Tengri Education-ға сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер жаңа Конституциялық бастамаларды жүзеге асыру аясында әзірленген және әртүрлі жастағы оқушыларға арналған білім беру бағдарламаларын қамтиды.
Жаңа ережеге сәйкес, 5–7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8–11 сыныптарда «Заң және тәртіп» атты міндетті курс оқытылады. Сонымен қатар, 5–11 сынып аралығындағы барлық оқушылар «Жеке қауіпсіздік» пәнін міндетті түрде меңгереді.
Министр жаңа оқу жылында мектеп оқулықтарының мазмұны да жаңартылатынын айтты. Жаңадан басылып шыққан 3 және 7-сынып оқулықтары 30 тамызға дейін барлық білім беру ұйымдарына жеткізіледі. Ал 4 және 9-сынып кітаптары 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін, 8-сынып оқулықтары 2027 жылдың 1 сәуіріне дейін кезең-кезеңімен таратылмақ.
Бұдан бөлек, бастауыш сынып бағдарламалары да қайта қаралады. Атап айтқанда, бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізіліп, оқу жүктемесі азаяды. Сонымен қатар, білім беру процесінде тәжірибелік бағыт күшейтіліп, оқу бағдарламалары балалардың жас ерекшелігіне сәйкестендірілмек.
Қазақстан мектептеріне енді жасанды интеллект технологиялары да енгізіле бастайды. Жобаның алғашқы кезеңінде елдегі 500 шағын жинақты мектеп қамтылады. Нәтижесінде оқушылар заманауи цифрлық білім ресурстарына қол жеткізсе, мұғалімдер сабақ дайындау мен білім бағалауда интеллектуалды құралдарды пайдалана алады.
Айта кетейік, бұған дейін министр Жұлдыз Сүлейменова қазақстандық мектептерде енгізілетін «Жеке қауіпсіздік» пәні аясында жол жүру ережелері, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік және төтенше жағдайларда әрекет ету тақырыптары қамтылатынын айтқан еді.
Мақала авторы: Алуа Әшірбекова