Орал қаласының тұрғыны, алимент және азаматтық істер бойынша заңгер Динара Суглова күтпеген жерден өзіне 15 мың теңге аударылғаннан кейін қылмыстық және әкімшілік іске тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, биыл 27 сәуірде өзін танымайтын әйел Kaspi Gold шотына 15 мың теңге аударып, артынша байланысқа шықпай, полицияға, прокуратураға және салық органдарына арыз түсірген. Арызда заңгердің ақшаны қызмет көрсеткені үшін алғаны және алаяқтық жасағаны көрсетілген.
«Мен ол адамды өмірімде көрген емеспін, ешқандай қызмет көрсеткен жоқпын. Әдетте клиенттермен келісімшарт жасаймын, ал бұл әйелмен ешқандай келісім болған жоқ. Кейін өзіне хабарлассам, “сені танымаймын” деп жауап берді де, істі адвокатына тапсырды», – дейді Динара.
Заңгердің сөзінше, осы арыздың негізінде оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғалған. Алайда кейін қылмыстық іс тоқтатылған.
Соған қарамастан, оның айтуынша, салық органы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 469-бабы бойынша («Заңсыз кәсіпкерлік қызмет») әкімшілік іс қозғап, материалдарды сотқа жолдаған. Бұл бап бойынша оған 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
«Мені ешкім тыңдағысы келмейді. Салық органдары істің мән-жайын толық анықтамай-ақ сотқа жіберді. Мен жалғызбасты анамын, мұндай айыппұлды төлеуге мүмкіндігім жоқ. Ең бастысы – менің қандай заң бұзғанымды түсіндіріп жатқан ешкім жоқ», – дейді ол.
Суглованың айтуынша, тергеу барысында өзі төрт сағат бойы жауап берген. Сол кезде жақында алған жарақатына байланысты денесінде тігістер болғанын да айтты.
Ол бұл жағдайдың басқа азаматтардың да басына түсуі мүмкін екенін айтып, мәселені қоғам мен құзырлы органдардың назарына жеткізуді сұрады.
«Менің мақсатым – өзім ғана емес, басқа адамдар да осындай жағдайға тап болмасын деген ой. Біреу шотыңа ақша аударып, кейін түрлі органдарға арыз жазса, мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін», – деді заңгер.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Ал мемлекеттік органдардың бұл жағдайға қатысты ресми ұстанымы әзірге жарияланған жоқ.