Мемлекетте кезкелген іс өздігінен болмайды. Елдің күнделікті өмірінде пайдаланып отырған жолдардың салынуы, жаңа бағыттардың ашылуы, жаңаруы бәрінде мемлекеттік жол саясаты жатыр. Ал осы жол сынды экономиканың күретамырына тұрақты саясат жүргізіп, стратегиялық бағыт беріп, оның іс барысын қадағалап, пайдалануға берілуіне дейін жеке бақылауында ұстайтын мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Жолдың жайын жүрген білер демекші, бір айда 30 күн бар десек, соның 20 күнін жолда өткізетін болғасын, жолдың жағдайын әр сапар сайын көрем. Аймақтарды жиі аралаймын. Мысалы, былтыр Батыс Қазақстан облысына бірнеше мәрте ат басын бұрдым. Бұрын Орал қаласынан Сырым ауданының орталығы Жымпитыға дейін жол нашар еді. 3 сағаттай уақыт кететін. Бұл күні жол жөнделіп, бұл қашықтықты 1-1.5 сағатта басып өтуге болады.
Осы сияқты бір кездері тарихи мекен Бөкей Ордасына жету қиямет-қайым еді. Батыс Қазақстан облысының ауыл-ауылдарын қанша араласам да, дәл осы Бөкей Ордасына жету қиынға соқты. Бұл күнде ол жаққа да тақтайдай тегіс жол төселді. Соның арқасында былтыр Бөкей Ордасын тамашалап қайту бақыты бұйырды.
Биыл Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына жол түсті. Түп-түзу жолмен оп-оңай жетіп алдық. Бұрын бұл бағыт та жолсыз болған екен. Жеңіл көліктердің тауы шағылып, табаны тесіліп жолда жиі қалып отырған деседі. Енді, міне, Бозжыраға бүкіл әлемнің саяхатшылары ағылып келіп жатыр. Қазақтың сұлу табиғатын бүкіл әлемге танытуда тегіс жолдың орны айрықша екені айтпаса да түсінікті ғой.
Жақында жеке көлігімізбен Қатон-Қарағай жаққа бардық. Астанадан Павлодарға, Павлодардан Семейге, Семейден Өскеменге жетіп, сол жерден Қатон-Қарағайға саяхаттадық. Жол сапасы көңілден шықты. Жылдан жылға жақсарып келеді. Кей жерлерде әлі де жол құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тіпті Астанадан Павлодарға дейін күрежолмен зырылдап отырдық. Мәселен, көлік министрлігінің мәліметінше, 7 мың шақырым жол атап айтқанда, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан күре жолдарының жұмысы бітіп, ел ары-бері ағылып жатыр. 30 жыл бойы шығыс өңірдің халқы Құдайдың зарын қылса да салынбаған Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салынғанын жұрт біледі. Шақпақ баба асуы арқылы тоннель, Қызылорда – Жезқазған, Жезқазған – Қарағанды бағыттарындағы аса маңызды жолдардың құрлысы алдағы жылдары аяқталады делінеді. Мұның бәрі де мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жол мәселесіне баса мән беріп, үнемі қадағалап отырғандығының нәтижесі екенін ешкім жоққа шығармас. Тақтайдай автожолмен заулап бара жатып, билікті сынауға болады, бірақ еңбек әділ бағалануы тиіс. Ал теміржолға келер болсақ, Қазақстанда жалпы ұзындығы 1100 шақырым үш ірі темір жол құрылысы салынып жатыр. Олар: «Достық – Мойынты», «Алматы айналма темір жолы» және «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты-Аягөз». Бұл жолдардың халықаралық жүк тасымалын күшейтетінін көзқарақты адам білер.
Ең кереметі, Қатон-Қарағай жақта әуежай салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқанына куә болдық. Бұл әуежай аяқталса, шығыстағы туризм деңгейі мүлде жаңа сатыға көшпекші. Өйткені, мынандай табиғаттың сұлулығын елдің бәрі де көргісі келетіні, әлгіндей жерде таза-ауамен тыныстап серуендегісі келетіні сөзсіз. Бірақ ұзақ жол жеткізбейді. Ал әуежай құрылысы аяқталса, бір-екі сағатта тамылжыған табиғаттың қақ ортасына топ етіп түсе қаласыз. Халыққа, бизнес өкілдеріне де керегі осы емес пе?!
Бұл менің көзбен көріп, көңілге түйгендерім ғана.
Мұның бәрі де президент Қасым-Жомарт Кемелұлының үнсіз, ың-шыңсыз, даурықпасыз, мақтансыз жасап жатқан игі істері деп білемін. “Жолдар - мемлекеттің күретамыры” десек, артық емес. Осы жолдар арқылы тіршілікке жан бітеді. Ел мен жер гүлденеді.