Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді
REUTERS/Agustin Marcarian TPX IMAGES OF THE DAY

Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси ұлттық командадағы мансабын аяқтауға шешім қабылдаған болуы мүмкін. Бұл туралы аргентиналық журналист Эрнан Кастильо мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Инсайдердің айтуынша, Месси 2026 жылғы әлем чемпионатының финалы алдында киім ауыстыратын бөлмеде командаластарына бұл кездесудің ұлттық құрама сапындағы соңғы ойыны болатынын жеткізген.

Финалда Аргентина Испания құрамасынан қосымша уақытта 0:1 есебімен жеңіліп, әлем чемпионы атағын қорғай алмады. Матч аяқталғаннан кейін Мессидің көзіне жас алғаны байқалды.

Алайда 39 жастағы футболшы ұлттық құрамадағы болашағына қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан оның Аргентина сапындағы мансабын шынымен аяқтағаны туралы ақпарат түпкілікті расталмады.

Мессидің ұлттық құрамадағы жетістіктері

Лионель Месси Аргентина құрамасымен бірге 2022 жылғы әлем чемпионатында топ жарып, турнирдің үздік ойыншысы атанды. Ол 2014 жылғы әлем біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып, 2008 жылы Олимпиада чемпионы болды.

Сондай-ақ Месси Аргентина құрамасымен екі рет Америка кубогын және 2022 жылғы Финалиссима турнирін жеңіп алды.

Жеке мансабында ол сегіз рет «Алтын допты», алты мәрте «Алтын бутсаны» иеленді. Бұған қоса, ФИФА нұсқасы бойынша екі рет жылдың үздік футболшысы атанды.

Клубтық деңгейде Месси «Барселонамен» төрт рет УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп, он мәрте Испания чемпионы болды. Кейін «Пари Сен-Жермен» сапында екі рет Франция чемпионатын ұтты.

Мансабында 40-тан астам жүлде иеленген Лионель Месси футбол тарихындағы ең атақты әрі ең көп титул жеңіп алған ойыншылардың бірі саналады.