Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Экономиканың ең үлкен резерві – ауыл баласының сапалы білімі

Экономиканың ең үлкен резерві – ауыл баласының сапалы білімі

Қазақстан экономикасының болашағы туралы сөз болғанда, әдетте мұнай бағасы, өндіріс көлемі, инвестиция тарту немесе жаңа кәсіпорындардың ашылуы айтылады. Алайда елдің ұзақ мерзімді дамуына әсер ететін ең маңызды факторлардың бірі көбіне назардан тыс қалып жатады. Ол – білім беру жүйесі, әсіресе ауылды жердегі мектептерінің әлеуеті.

Соңғы кезде орта білім беру жүйесін жаңғырту, оқу бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіру, педагог мамандығының беделін арттыру және барлық балаға сапалы білімге тең мүмкіндік жасау мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Алайда бұл реформалардың түпкі нәтижесі жаңа құжаттармен немесе мектеп ғимараттарының көбеюімен ғана емес, ең алдымен ауыл мектептеріндегі білім сапасының қаншалықты жақсарғанымен өлшенеді. Себебі елдің адами капиталы да, ұзақ мерзімді экономикалық өсімі де бүгінгі мектеп партасынан басталады.

Qazaq Expert Club сарапшысы Жазира Асанованың сөзінше, халықаралық зерттеулер білім сапасы мен экономикалық өсімнің арасында тікелей байланыс бар екенін бірнеше рет дәлелдеген. Экономистер Эрик Ханушек пен Людгер Вёссман жүргізген The Knowledge Capital of Nations атты зерттеуде оқушылардың танымдық қабілеті артқан сайын елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің өсімі де жоғарылайтыны көрсетілген. Сарапшылардың бағалауынша, білім деңгейіндегі әрбір сапалы өзгеріс ұзақ мерзімде экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.

Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Себебі халықаралық қаржы ұйымдарының болжамы бойынша, алдағы жылдары экономикалық өсімнің қарқыны біртіндеп баяулауы мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа даму көздерін іздеу қажеттілігі арта түседі. Сарапшының пікірінше, еңбек өнімділігін көтерудің, инновацияларды дамытудың және жоғары қосылған құны бар өнім өндірудің негізгі алғышарты – адами капиталдың сапасы.

«Білім сапасын арттырудың экономикалық қайтарымы тек дамушы мемлекеттер үшін ғана емес, экономикасы қуатты елдер үшін де айрықша маңызды. Зерттеу авторларының есебіне сәйкес, табысы жоғары ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде білім деңгейінің жақсаруы ұзақ мерзімде қазіргі жалпы ішкі өнімнің шамамен 162 пайызына тең қосымша экономикалық нәтиже береді. Орташа табысты мемлекеттерде бұл көрсеткіш қазіргі ЖІӨ көлемінен сегіз еседен астам жоғары болса, табысы ортадан төмен елдерде оның әлеуеті 1302 пайызға дейін жетеді», – дейді Жазира Асанова.

Маманның сөзінше, бүгінде еліміздегі оқушылардың шамамен 48 пайызы ауылдық жерлерде білім алады. Сондықтан ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсарту тек әлеуметтік мәселе емес, экономикалық саясаттың да маңызды бағыты саналады.

«Қазақстан үшін де бұл мәселенің маңызы артып келеді. Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, 2025 жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өссе, кейінгі жылдары бұл қарқын біртіндеп баяулап, 2028 жылға қарай шамамен 3,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Сондықтан тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін жаңа ішкі мүмкіндіктерді тиімді пайдалану күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналып отыр», – деген пікірімен бөлісті Qazaq Expert Club сарапшысы

Маман өз талдауларына сүйене отырып, Қазақстан экономикасының ең үлкен резерві табиғи ресурстарда емес, ауылдағы балалардың сапалы білім алу мүмкіндігінде жатқанын алға тартып отыр. Себебі зерттеулер көрсеткендей, ауыл оқушылары 15 жасқа келгенде қалалық құрдастарынан оқу жетістігі бойынша шамамен жарты жылдан бір жылға дейін қалып қояды. Әсіресе оқу сауаттылығы мен математикалық дайындықтағы айырмашылық ерте жастан байқалады.

Ауыл мектептерінде бір жағынан оқушыларға жеке көңіл бөлу мүмкіндігі жоғары болғанымен, екінші жағынан заманауи зертханалар, сапалы интернет, жаңа кабинеттер мен тәжірибелі педагогтердің тапшылығы сезіледі. Демек, мәселе тек мектеп ғимаратын жөндеумен шектелмейді. Мұнда мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен білім беру ортасының сапасы қатар дамуы қажет.

«Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынды. Қазақстанда бүгінде 193 тірек мектеп жұмыс істейді. Бұл мектептерде 135 мыңнан астам оқушы білім алады. Әрбір тірек мектеп өзіне жақын орналасқан екі-үш шағын жинақты немесе магниттік мектеппен тәжірибе бөлісіп, әдістемелік қолдау көрсетеді. Жоба 2019 жылдан бері қоғамдық қорлар мен әлеуметтік инвестициялар есебінен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде шамамен 65 млрд теңге жұмсалып, жеті мыңға жуық оқу кабинеті жаңартылды. Мектептерге 2,6 миллионнан астам заманауи құрал-жабдық жеткізілді. Сонымен қатар 12 мыңнан астам мұғалім мен мектеп директоры біліктілігін арттыру бағдарламасынан өтті», – дейді Жазира Асанова.

Білім саласын зерттеуші маманның мәліметінше, мұндай өзгерістер алғашқы нәтижесін бере бастаған. Сыртқы бағалау қорытындылары бойынша, жобаға қатысқан мектептерде білім сапасының көрсеткіші орта есеппен 8-10 пайызға жақсарған. Ал біліктілік санаты бар педагогтердің үлесі 63 пайыздан 79 пайызға дейін өскен. Қосымша біліммен қамтылған оқушылар саны да айтарлықтай артқан.

Экономистер мұндай нәтижелердің болашақта ел экономикасына тікелей ықпал ететінін айтады. «Экономиканың тұрақты өсуі ең алдымен білімді әрі бәсекеге қабілетті азаматтарға сүйенеді. Сондықтан ауыл мектебіне салынған инвестиция – болашақ өндіріс пен инновацияға салынған инвестиция», – дейді сарапшы.

Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Көптеген мемлекеттер ауылдық өңірлерде жеке мектептерді емес, бірнеше білім ордасын бір желіге біріктіретін тірек мектеп моделін дамытуды тиімді деп есептейді. Мұндай тәсіл ресурстарды ұтымды пайдалануға, мұғалімдердің тәжірибе алмасуына және білімдегі теңсіздікті азайтуға мүмкіндік бермек.