Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Музаффарнагар қаласында болған оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. 23 жастағы келін ұзақ уақыт бойы өзіне тиісіп келгенін айтқан қайын атасын ұстара жүзімен жарақаттаған. Бұл туралы Үндістанның жергілікті otvkhabar.in басылымына сілтеме жасап, хабарлайды Arasha.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, әйел қайын атасының соңғы екі жыл бойы өзін үнемі жыныстық сипаттағы әрекеттермен мазалап келгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар көбіне күйеуі үйде болмаған кезде орын алған. Әйел бұл туралы көршілеріне де бірнеше рет айтқанын жеткізгенімен, мәселе шешілмеген.
Оқиға күні әйел ұстара жүзімен қайын атасының жыныс мүшесін жарақаттаған. Ер адамның айқайын естіген көршілер полиция шақырған. Зардап шеккен 67 жастағы ер адам алдымен жергілікті ауруханаға жеткізіліп, кейін жағдайының ауырлығына байланысты басқа медициналық мекемеге ауыстырылған.
Полиция әйелді ұстап, жауап алған. Құқық қорғау органдары әзірге тараптардан ресми арыз түспегенін, сондықтан оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Тергеу нәтижесіне қарай тиісті құқықтық шешім қабылданады.