Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты бастамаларымен ерекшеленді. Омбыда өткен басқосуда көлік дәліздерін дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, цифрландыру және шекара маңы өңірлерінің әлеуетін арттыру мәселелері басты назарға алынды.
Форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар стратегиялық ұсыныстарын жариялап, өңірлік өзара байланысты күшейтуге бағытталған жаңа жобаларды ұсынды. Сонымен қатар тараптар бірлескен өндіріс, инвестиция және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.
Тәуелсіз халықаралық қатынастар және экономикалық саясат жөніндегі сарапшы Ерік Батырхановтың пікірінше, форумның басты ерекшелігі – екіжақты қарым-қатынастың саяси мәлімдемелерден нақты экономикалық нәтижелерге негізделген жаңа кезеңге аяқ басуы. Сарапшы Қазақстанның өңірлік логистика, өндірістік кооперация және экономикалық интеграция бағытындағы бастамаларының маңызына тоқталып, олардың елдің Еуразия кеңістігіндегі рөлін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
- Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы жиырма жылдан астам уақыт бойы екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды алаңдарының бірі болып келеді. Неліктен дәл қазір оның маңызы айрықша артып отыр?
- Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бұл форум жекелеген бастамаларды талқылайтын алаңнан экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықты іс жүзінде үйлестіретін тиімді тетікке айналды. Бүгінде оның маңызының артуы ең алдымен әлемдік экономиканың құрылымдық тұрғыдан өзгеруімен байланысты. Логистика, өндірістік кооперация және өңірлік жеткізу тізбектері орнықты дамудың негізгі факторларына айналып келеді. Осындай форматтағы алаңдар жалпы келісімдерді нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін бұл тек екіжақты байланыстарды нығайту мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар көлік байланысын дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және шекара маңы өңірлерін өркендету бағытындағы өз бастамаларын ілгерілетуге жол ашады. Сондықтан биылғы форумның басты ерекшелігі – оның саяси емес, қолданбалы экономикалық сипатының басымдығында.
- Форумның пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін құруды, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыттарын дамытуды, сондай-ақ шекара маңы өңірлерінің әуе қатынасын кеңейтуге арналған «500+» бағдарламасын ұсынды. Бұл бастамалардың уақтылығы қаншалықты маңызды?
- Бұл ұсыныстар бүгінгі жағдайды ескерсек, өте өзекті әрі уақытылы. Себебі қазіргі таңда бәсекелестік жекелеген көлік бағыттары арасында ғана емес, тұтас логистикалық экожүйелер арасында жүріп жатыр. Жүк тасымалының жылдамдығы, кедендік рәсімдерді цифрландыру және инфрақұрылымды үйлестіру жаңа жолдар салудан кем түспейтін маңызды факторларға айналды.
Әсіресе, цифрлық көлік дәлізін дамыту бастамасының маңызы зор. Ол әкімшілік шығындарды азайтуға, тасымал үдерісінің ашықтығын арттыруға және «Солтүстік – Оңтүстік» пен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыттары арқылы тауар қозғалысын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Ал халқы 500 мыңнан асатын шекара маңы қалалары арасындағы әуе қатынасын кеңейтуді көздейтін «500+» бағдарламасы экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды міндетті шешеді. Бұл бастама жүк тасымалына ғана емес, іскерлік байланыстардың, туризмнің және азаматтардың еркін қатынауының артуына тікелей ықпал етеді.
Жалпы алғанда, мұндай бастамалар Қазақстанның транзиттік әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық тораптардың бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайта алады.
- Президенттердің кездесуі барысында бүгінде Қазақстанда ресейлік қатысуы бар 20 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейтіні, жалпы құны 52 миллиард доллардан асатын 177 бірлескен өнеркәсіптік жобадан тұратын қоржын қалыптасқаны, оның 122-сі қазірдің өзінде іске асырылғаны айтылды. Бұл ынтымақтастықтың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін білдіре ме?
- Меніңше, иә. Егер бұрын негізгі назар сауда байланыстарын дамытуға аударылса, бүгінде ынтымақтастық бірлескен өндіріс, инвестициялар және ұзақ мерзімді өнеркәсіптік жобаларға көбірек сүйеніп отыр. Дәл осындай жобалар нарықтағы өзгерістерге төзімді, тұрақты экономикалық байланыстардың қалыптасуына негіз болады.
Мұны нақты көрсеткіштер де дәлелдейді. Ресейдің қатысуымен жұмыс істейтін 20 мыңнан астам кәсіпорынның болуы және 177 жобадан тұратын инвестициялық қоржынның 122-сінің жүзеге асырылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуы – жай ғана статистика емес, нақты өндірістік нәтиже.
Бұл қатарға халықаралық консорциум құрамында «Росатомның» қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы, сондай-ақ ғарыш саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде «Союз-5» зымыран-тасығышы жобасы сияқты ірі бастамалар да кіреді. Мұның барлығы экономикалық байланыстардың кемелденгенін, жекелеген келісімшарттардан ұзақ мерзімге есептелген жүйелі өнеркәсіптік кооперацияға көшкенін көрсетеді.
- Форум барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін, ал стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейі туралы бұрын қол қойылған құжаттар алдағы ондаған жылдарға арналған ынтымақтастықтың негізін қалайтынын айтты. Бұл үдерісте Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке дипломатиясының рөлі қандай?
- Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста, әсіресе стратегиялық серіктестер туралы сөз болғанда, жеке дипломатияның маңызы зор. Мемлекет басшылары деңгейіндегі тұрақты әрі тікелей диалог негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарды жедел келісуге мүмкіндік беріп, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға қосымша серпін береді.
Сонымен қатар екіжақты қатынастардың беріктігі тек көшбасшылардың жеке байланысына ғана тәуелді емес. Оның негізін институционалдық тетіктер, үкіметаралық комиссиялардың жұмысы, өңіраралық ынтымақтастық, экономикалық жобалар және ұзақ мерзімді келісімдер құрайды.
Сондықтан Президент айтқан «қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейі» ең алдымен жеке дипломатиямен ұштасқан осы институционалдық тұрақтылықты білдіреді. Бұл бір реттік саяси қадамдардың нәтижесі емес, жүйелі саяси диалог пен практикалық ынтымақтастықтың жемісі. Дәл осы екі фактордың үйлесуі Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестіктің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
- Бүгінде Қазақстан өңірлік күн тәртібін қалыптастыратын дербес орталыққа айналып келеді деуге бола ма?
- Менің ойымша, иә. Бұл үрдіс жыл өткен сайын айқынырақ байқалып келеді. Қазақстан көлік дәліздерін дамыту, өңірлік сауданы кеңейту, энергетика және цифрлық өзара байланыс бағыттарында өз бастамаларын жүйелі түрде ұсынып келеді. Яғни, ел дайын жобаларға қосылумен ғана шектелмей, өңірлік ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыруға белсенді атсалысуда.
Сонымен қатар Қазақстан бұл бастамаларды түрлі халықаралық серіктестермен қатар жүзеге асырып, көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымын дәйекті түрде сақтап келеді. Ресеймен орнықты әрі өзара тиімді қарым-қатынастың болуы Қазақстанның дербес сыртқы саяси ұстанымын шектемейді. Керісінше, бұл елдің өз бастамаларын ұсынып, экономикалық байланыстарды кеңейтуге және тұтас өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жобаларды ілгерілетуіне қосымша мүмкіндік береді.
- Сіздің ойыңызша, Омбыда өткен форумның басты қорытындысы қандай болды?
- Меніңше, форумның басты қорытындысы – Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың декларативті мәлімдемелерден нақты практикалық жобаларға басымдық бере бастағанын тағы бір мәрте айқындауы. Форумның күн тәртібінде көлік, логистика, өнеркәсіптік кооперация, цифрландыру және шекара маңы аумақтарын дамыту сияқты нақты бағыттар басты назарда болды. Мұны форум аясында қомақты қаржы көлеміне жасалған келісімдер де растайды.
Мұндай күн тәртібі қазіргі экономиканың талаптарына толық сәйкес келеді. Егер цифрлық көлік дәлізін құру, «500+» бағдарламасын іске асыру секілді ұсынылған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылса, Омбы форумы Қазақстан мен Ресей үшін өзара тиімді жаңа инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың бастауына айналуы әбден мүмкін.