Оқу-ағарту министрлігі кейбір сынып оқушыларының білімін тексерудің жаңа тәсілдерін ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Құжатқа сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
"2-4-сыныптарда білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау формативті бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы, ал 5-11 (12)-сыныптарда формативті және жиынтық бағалау, яғни БЖБ мен ТЖБ арқылы жүзеге асырылады", – делінген бұйрық жобасында.
Құжатта тоқсандық бағалар бағалау нәтижелері негізінде қойылатыны және бұл оқушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілген.
Бұйрық жобасы 21 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.