Қазақстанда 2026-2027 оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібіне өзгеріс енгізіледі. Жаңа тәсіл 1 қыркүйектен бастап 2-4-сыныптарға қолданыла бастайды, деп Arasha.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова айтты.
Оның мәліметінше, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесін жаңартуға ата-аналардың ұсыныстары, педагогтердің тәжірибесі, оқушылардың білім нәтижелерін бақылау көрсеткіштері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулер негіз болған.
Жаңа тәртіп енгізілгенімен, критериалды бағалау жүйесі сақталады. Алайда 2-4-сыныптарда оның кейбір тетіктері жаңаша қолданылады.
Бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.
Ал 2-4-сыныптарда формативтік бағалаудың рөлі күшейтіледі. Ол 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіле береді, бірақ балл қою талаптары нақтыланады. Сонымен қатар формативтік бағалаудың тоқсандық қорытынды бағаға қосатын үлесі артады.
Тағы бір өзгеріс – оқу бөлімдерін меңгеру деңгейін анықтайтын аралық бағалаудың енгізілуі.
"Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Тек балл қою тәсілі нақтыланады", – деді Шынар Ақпарова.