"Қазгидромет" 20 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталып, жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Ал батыс пен оңтүстіктің бірқатар өңірінде аптап ыстық бәсеңдемейді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Күндіз бірден бірнеше облыста қатты ыстық болады. Алматы облысында ауа температурасы +35 градусқа дейін көтерілсе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Жетісу облыстарында +35...+38 градусқа дейін жетеді. Ең жоғары температура Маңғыстау облысында тіркеліп, +38...+40 градус болуы мүмкін.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның көп бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейеді. Елдің солтүстігі мен орталығында нөсер жаңбыр күтіледі.
Жауын-шашынсыз ауа райы негізінен республиканың оңтүстік өңірлерінде сақталады.
Синоптиктер Қазақстан бойынша желдің күшеюі ортақ құбылыс болатынын ескертті. Солтүстік аймақтарда түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Сонымен қатар бірнеше облыста өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Жоғары өрт қаупі Қостанай және Абай облыстарында, Ақмола облысының батысы мен оңтүстігінде, Қарағанды облысының солтүстік-батысы мен орталығында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен солтүстік-батысында, Ақтөбе облысының орталығында, Жамбыл облысының шығысында, Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында, Алматы облысының оңтүстік, шығыс және орталық аудандарында күтіледі.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен шығысында және Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысы мен орталығында да өрт қаупі жоғары болады.
Ал Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу және Ұлытау облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Төтенше қауіп Қостанай облысының оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Маңғыстау облысының солтүстік, оңтүстік және орталық бөліктерінде, Павлодар облысының орталығында, Қарағанды облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында да күтіледі.
Бұған қоса, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында, Абай облысының оңтүстігі мен орталығында және Алматы облысының батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталмақ.