Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Екінші әйелден кейін жанжал шыққан": Қырғызстанда үш баланың анасының өлімі тексеріліп жатыр

"Екінші әйелден кейін жанжал шыққан": Қырғызстанда үш баланың анасының өлімі тексеріліп жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Қырғызстанның Жалал-Абад облысындағы Ақсы ауданында 34 жастағы Гүлзат Құрманбекованың қазасына қатысты тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр. Марқұмның туыстары оның өзіне қол жұмсағанына күмән келтіріп, істің әділ тергелуін талап етуде. Ал күйеуінің жақындары бұл айыптарды жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Гүлзат Құрманбекова 8 тамызда асылып қалған күйінде табылған. Анасы Гүлжамал Нарматованың айтуынша, қызының денесінде жарақатқа ұқсас белгілер болған. Осыған байланысты отбасы оның өліміне зорлық-зомбылық әсер етуі мүмкін деп күдіктенеді.

Марқұмның жақындары Гүлзаттың отбасында бұған дейін де жанжалдар болғанын айтады. Сіңлісі Нұрзаттың сөзінше, ерлі-зайыптылар арасында күйеуінің басқа әйелмен қарым-қатынасына байланысты түсініспеушілік туындаған.

"Әпкем ол қызды немесе мені таңдайсың дегенде, "мен екеуіңді де тастай алмаймын, оны да тастай алмаймын, балаларымды, сендерді де тастай алмаймын" деген. Қайтыс болардан бір күн бұрын сол қыздың үйіне барып, жанжал болған. Әпкеммен соңғы рет сөйлескенде өлетіндей жағдайда емес еді", – деді марқұмның сіңлісі.

Гүлзат күйеуімен 14 жыл бірге тұрып, үш бала тәрбиелеген.

Алайда күйеуінің туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Қайын әпкесі Гүлжайна Атаканова Гүлзаттың соққыдан көз жұмғаны және ер адамның екінші әйел алғаны туралы ақпаратты теріске шығарды.

"Ешқандай соққыдан қайтыс болған жоқ. Екеуінің арасында ұрып-соғып, көгертіп тастаған жағдай болған емес. Інім екінші әйел алған жоқ. Бұл – жалған ақпарат. Ұрып өлтірді деген сөз де шындыққа жанаспайды", – деді ол.

Қазір марқұмның денесіне сот-медициналық сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

Жалал-Абад облыстық милициясының мәліметінше, оқиға 9 тамызда Ақсы аудандық ішкі істер бөлімінде тіркеліп, тексеру басталған. Сараптама нәтижесі шыққаннан кейін заң аясында тиісті шешім қабылданбақ.