Ақтөбе облысының Шалқар қаласында тұрғын үйден шамамен 1 миллион теңгеге бағаланған алтын және зергерлік бұйымдар ұрланды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Polisia.kz жазуынша, күдікті пәтерге есікті бұзып кірмеген. Үй иесі кіреберіс есіктің кілтін кірпіштің астына жасырып кеткен.
Полиция жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында 39 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.
Тергеу мәліметінше, ер адам жасырылған кілтті тауып, пәтерге кірген. Кейін үйдегі алтын әшекейлерді алып шығып, оларды ломбардқа өткізген.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр.
Полиция азаматтарға үй кілттерін есік маңына, кілемшенің астына немесе басқа да оңай табылатын жерлерге қалдырмауға кеңес берді.