Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Бұқасын іздеген малшы соққыға жығылғанын мәлімдеді

Бұқасын іздеген малшы соққыға жығылғанын мәлімдеді
Сурет: gazizraimbenews

Ақтөбе облысында жоғалған бұқаларға байланысты туындаған даудан кейін малшы өзін соққыға жыққанын айтып, полицияға арызданды, деп хабарлайды Arasha.kz, gazizraimbenews-ке сілтеме жасай отырып.

Алға ауданының тұрғыны Арыстанбек Бахилин 14 шілдеде болған жағдайға байланысты арыз түсірген. Ақтөбе облысының Полиция департаменті ер адамның сұралғанын, қазіргі уақытта тергеу тағайындалған сараптаманың нәтижесін күтіп отырғанын мәлімдеді.

Бахилиннің сөзінше, мал жайып жүрген кезде бірнеше бұқа табыннан бөлініп, «Өтеғұл-1» шаруа қожалығының малына қосылып кеткен. Кейін ол танысымен бірге малын алып кетуге барған.

Малшы редакцияға берген видеоүндеуінде бұқаларды қайтару үшін одан 20 мың теңге талап етілгенін айтты. Оның нұсқасы бойынша, кейін шаруа қожалығының басшысы Өтеген Жақұпов пен оның ұлы оны жерге құлатып, соққы жасаған. Бахилин өзімен бірге барған адамның болған жағдайды көргенін мәлімдеді.

Сондай-ақ ол бес баланы тәрбиелеп отырғанын, жалдамалы үйде тұратынын және мал бағу арқылы табыс табатынын айтқан.

Редакция арыздың және сот-медициналық сараптама қорытындысының көшірмелерімен танысқан. Арыз 14 шілдеде тіркеліп, келесі күні материалдар зерттеуге жіберілген. Сараптамалық қорытынды 17 шілдеде дайындалған.

Құжатқа сәйкес, Бахилиннің ішінің сол жағынан екі сызық тәрізді қанталау анықталған. Сарапшы бұл жарақаттар көрсетілген уақытта қатты, доғал заттың әсерінен пайда болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Сонымен қатар жарақаттар денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына әкелмеген және денсаулыққа зиян келтірмеген дене жарақаттары санатына жатқызылған. Сараптама жарақаттардың бар екенін растағанымен, оларды нақты кім салғанын анықтамайды.

Полиция өкілдері Бахилинді алғашқы сұраудан кейін қайта шақырмағанын, әзірге оған қажеттілік жоқ екенін түсіндірген.

«Егер сараптама тағайындалса, оның нәтижесін күту керек. Адамды қайта-қайта шақырып, мазалаудың қажеті не? Бір рет сұралды, күн сайын шақырмаймыз», - деп түсіндірген Ақтөбе облысының Полиция департаменті.

Полицияның ресми жауабында аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны айтылған. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті тергеу және процестік іс-шараларды жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылданады.

Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Өтеген Жақұпов - филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Ол қазақ әдебиетін, оның ішінде Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығын зерттеген. Сондай-ақ Алға ауданындағы «Өтеғұл-1» шаруа қожалығын басқаратыны жазылған.

SHYNDYK.KZ редакциясы Өтеген Жақұповпен байланысып, оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтуды ұсынған. Алайда ол «Рахмет» деп қана жауап беріп, басқа түсініктеме бермеген.

Оқиғаның құқықтық бағасы мен оған қатысы бар тұлғалардың процестік мәртебесін Полиция департаменті нақтыламаған. Тергеу аяқталып, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін арызда аталған тұлғалар кінәсіз деп есептеледі.