Түркістан облысының Леңгір қаласында әйелдің үйіне түнде басып кіріп, оны ұрып-соққан екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
ІІМ мәліметінше, ұсталғандар Төлеби ауданының тұрғындары. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде бет-аузы қатты ісіп кеткен әйелдің видеосы тараған болатын. Қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің айтуынша, бетперде таққан екі адам түнгі сағат 02:00 шамасында әйелдің үйіне кіріп, оны таңғы 05:00-ге дейін байлап, азаптаған. Сондай-ақ олар үйдің ішін астаң-кестең етіп, жәбірленушінің ұялы телефонын алып кеткен.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полицияның хабарлауынша, жәбірленушінің қазіргі жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.