Риддер қаласының 58 жастағы тұрғыны Иван Бердюгин аю шабуылынан қалай аман қалғанын айтып берді. Оқиға 29 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ер адамның сөзінше, сол күні ол екі танысымен бірге жоғалған сиырларды іздеуге шыққан. Орманнан аюдан үркіп шыққан ірі қараны көрген соң, жыртқышты қуып жібермек болған.
"Мен сақтықты ұмытып, аюды қуып жібермек болдым. Сол кезде аюдың назары бірден маған ауып, маған қарай жүгірді. Бәрі қас қағым сәтте болды", – деді ол.
Иван Бердюгиннің айтуынша, шабуыл жасаған аю шамамен екі жаста болған. Ер адам жанындағы екі досының көмегі арқасында аман қалғанын жеткізді.
"Жанымда екі досымның болғанына шүкір. Олар мені тастамай, аюға таяқпен және қолға түскен заттармен ұмтылды. Осылайша мен аман қалдым", – деді зардап шегуші.
Оқиға Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығынан алыс емес жерде, демалыс базаларының бірінің маңында болған. Ер адамның серіктері аюды үркітіп, кейін жыртқыш орманға қашып кеткен.
Шабуылдан кейін Иван Бердюгин ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, кейін травматология бөліміне ауыстырылған.
Дәрігерлер ер адамның басынан, қолы мен аяғынан көптеген ауыр жарақат алғанын анықтаған. Сондай-ақ қолы мен аяғында ығысқан ашық сынықтар болған.
Зардап шегуші ем қабылдап, 19 тамызда ауруханадан шығарылды.