Қазақстандық Аяш Қабдоллаева VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Sportbugin.kz мәліметінше, Аяш садақ атумен 2024 жылдан бері ғана айналыса бастаған. Оған бұл өнерді өзінің келіні, өскемендік садақшы Ажар Төлеуханова үйреткен.
Қысқа уақыттың ішінде шеберлігін арттырған Аяш Қабдоллаева халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсете бастады. Көшпенділер ойындарында ол қарсыластарынан озып, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды.
Жарыс қорытындысы жарияланған сәтте спортшы қуаныштан көзіне жас алып, эмоциясын жасыра алмаған.
"Егемен Қазақстан" газетінің дерегінше, Аяш Қабдоллаева ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп келеді. Оның педагогикалық еңбек өтілі шамамен 30 жыл. Осы уақыт ішінде ол көптеген шәкірт тәрбиелеген.
Ал садақ атумен айналыса бастағанына көп уақыт өтпесе де, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткізіп үлгерген.
Бұған дейін Аяш Қабдоллаева Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық жарыста да топ жарған. Ол 130 спортшы қатысқан додада үздік нәтиже көрсеткен.
Аяш Қабдоллаеваның жаттықтырушысы – өзінің келіні Ажар Төлеуханова. Енесі мен келіні бұған дейін Қазақстан кубогінің финалында бір-біріне қарсы сынға түскен.
Ал VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында олар Қазақстан намысын бірге қорғады. Осы бәсекеде Аяш Қабдоллаева чемпион атанып, ел қоржынына кезекті алтын жүлдені әкелді.