Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстандағы еңбек нарығындағы жағдайды талқылады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жыл басынан бері жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасына 845 мың бос жұмыс орны туралы өтінім орналастырған. Оның 432 мыңы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, портал арқылы азаматтардың 60-70 пайызы жұмыс табады. Ал бос жұмыс орындарының 30-40 пайызына қызметкер табылмай қалады. Осыған байланысты компаниялар шетелдік жұмыс күшін тартуға мәжбүр.
Министрдің сөзінше, жыл сайын Қазақстанға шамамен 300 мың шетел азаматы жұмыс істеу үшін келеді.
"Шамамен 1 миллион бос жұмыс орны бар ма? Яғни жұмыс істегісі келген адам жұмыс таба алады ғой, солай ма?" – деп сұрады Олжас Бектенов.
"Иә, жұмыс істегісі келген адамға жұмыс бар", – деп жауап берді Асқарбек Ертаев.
Премьер-министр Қазақстанда өндіріс тоқтап қалмауы үшін шетелден мыңдаған маман тартуға тура келетінін де атап өтті. Еңбек министрі бұл пікірмен келісті.
"Мұны халыққа түсіндіру керек! Елде "жұмыс жоқ" деген сөз болмауы тиіс. Ондай нәрсе жоқ", – деді Олжас Бектенов.