Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен Нью-Йоркте кездесті. Тараптар Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған қадамдар мен алдағы қысқа дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Украина президентінің ресми сайтының мәліметінше, Украина мен АҚШ соғыстың қыс түскенге дейін аяқталғанын қалайды. Кездесуде әскери қимылдарды бәсеңдетіп, дипломатиялық келіссөздерге жол ашуы мүмкін шаралар сөз болған.
Украина президенті келіссөзді нәтижелі деп бағалап, тараптардың бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.
Кездесуде Украинаның әуе қорғанысын күшейту мәселесі де көтерілген. Киев пен Вашингтон Украина аумағында Patriot жүйесіне арналған зымыран-тосқауылдарды өндіру мүмкіндігі бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Сондай-ақ Украинаға арналған қысқы әуе қорғанысы пакеті талқыланды.
Зеленскийдің айтуынша, мұндай мүмкіндік Ресей келіссөздерден бас тартып, баллистикалық зымырандармен шабуылдарын жалғастырған жағдайда Украинаның қорғанысын күшейтуге көмектеседі.
Бұған дейін Украина тарапы Ресей энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарын тоқтатса, Киев те Ресейдің энергетикалық нысандарына соққы жасауды доғаруға дайын екенін мәлімдеген.