Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Транзиттік әлеуетті күшейту – Президент заманауи теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құрудың қажеттігін айтты

Транзиттік әлеуетті күшейту – Президент заманауи теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құрудың қажеттігін айтты
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі автомобиль жолдарының сапасын сынға алып, оларды салу және жөндеу жұмыстарын Үкіметтің тікелей бақылауына беруді тапсырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін барлық өңірді байланыстыратын заманауи теміржол және автомобиль жолдары желісін дамыту қажет. Ел аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын артып келе жатқандықтан, қолданыстағы жол инфрақұрылымын жаңғырту маңызды міндетке айналған.

Президент әсіресе солтүстік өңірлердегі жолдардың жағдайына назар аударды. Осыған байланысты «Көкшетау – Петропавл» автомобиль жолын кеңейту жұмыстарын бастауды тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев отандық жүк тасымалдаушыларды қолдау қажеттігін айтты. Оның мәліметінше, Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамы шетелдік тасымалдаушылардың үлесіне тиесілі. Сондықтан Үкіметке осы саладағы жағдайды реттеу жөнінде шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысы келесі жылы автомобиль өткізу бекеттерінің барлығын сапалы жаңғырту жұмыстарын аяқтау керектігін де атап өтті. Оның сөзінше, бұған дейін бұл бағыттағы жұмыстар баяу жүргізілген.

Президент республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысы мен сапасына қатысты мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алды. Ол жауапты мекемелердің түрлі ережелер мен құзыреттерді алға тартып, мәселені бір-біріне ысырып келгенін айтты.