Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өнеркәсіп саласындағы жоспарлау жұмыстарына көңілі толмайтынын білдіріп, жаңа кәсіпорындар ашу кезінде нарық сұранысын ескеру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың ұлттық қорын қалыптастыру мәселесін қарастыруы керек. Бұл бастама елдің әлемдік өндіріс тізбегіне қосылуына және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Президент Үкіметке осы салада тәжірибесі мол дамыған мемлекеттермен стратегиялық серіктестік орнатуды тапсырды. Сонымен қатар шетелдік инвесторларды тарту кезінде әр өңірдің экономикалық ерекшеліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа өндіріс орындарын ашу қолданыстағы кәсіпорындардың жұмысына кері әсер етпеуі керектігін ескертті. Осы орайда ол Qarmet компаниясын мысалға келтірді.
Президенттің айтуынша, елімізде металл өндіретін ірі Qarmet кәсіпорны жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, тағы үш облыста осыған ұқсас зауыттар салу жоспарланған. Алайда олардың өнімдеріне нарықта қаншалықты сұраныс болатыны нақты анықталмаған.
Мемлекет басшысы мұндай шешімдердің экономикалық тиімділігі күмән тудыратынын жеткізді. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің әлсіздігі елдің өндірістік әлеуетін толық пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін.