Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

18 жылға сотталған Кәрім Мәсімовтің түрмедегі жағдайына қатысты жаңа мәлімет шықты

18 жылға сотталған Кәрім Мәсімовтің түрмедегі жағдайына қатысты жаңа мәлімет шықты
Кәрім Мәсімов. Фото: knb.gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны әлі де жарияланған жоқ. Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті экс-шенеуніктің түрмедегі өміріне қатысты сауалдарға жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Журналистер Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне Кәрім Мәсімовтің қамаудағы жағдайына байланысты бірнеше сұрақ жолдаған.

Атап айтқанда, бұрынғы ҰҚК төрағасының түрмеде еңбек ететіні немесе етпейтіні, қандай жұмыспен айналысатыны және еңбекақы алатыны туралы ақпарат сұралған.

Сонымен қатар журналистер оның бос уақытын қалай өткізетінін, кітапханадан қандай кітаптар оқитынын және жазасын өтеу жағдайына қатысты шағым түсірген-түсірмегенін білмек болған.

Алайда ведомство бұл сұрақтарға нақты жауап бермеген.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Сергей Варго Кәрім Мәсімовтің Қазақстанның қай өңіріндегі түзеу мекемесінде отырғанын да жарияламаған.

Дегенмен комитет бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктің әлі де бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқанын растаған.

«Сауалда көрсетілген сотталған азамат заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр», – делінген ведомствоның ресми жауабында.

Комитет өкілдері сұралған мәліметтердің сотталған азаматтың жеке ісіне қатысты екенін және оларды жария етуге заңнамалық шектеулер бар екенін түсіндірген.

Осылайша, Кәрім Мәсімовтің нақты қай мекемеде отырғаны, түрмеде жұмыс істейтіні және қандай жағдайда жазасын өтеп жатқаны туралы ақпарат ашық жарияланбады.

Еске салайық, 2023 жылғы 24 сәуірде Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.