Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Депутаттар байларға жатпайды": Айдос Сарым елдегі ауқатты адамдар туралы айтты

"Депутаттар байларға жатпайды": Айдос Сарым елдегі ауқатты адамдар туралы айтты

Құрылтай депутаты Айдос Сарым Қазақстандағы ауқатты азаматтарға жоғары мөлшерлемемен салық салу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол депутаттардың басым бөлігін байлар қатарына жатқызуға болмайтынын айтып, өзіндік уәжін келтірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

28 қазанда Құрылтай кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген Айдос Сарым қоғамда байлыққа деген дұрыс көзқарас қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Депутаттың пікірінше, елдегі ауқатты азаматтардың саны көп болмауы мүмкін. Алайда олардың өмір салты, қоғамдағы әрекеттері мен тұтыну әдеттері халықтың көңіл күйіне әсер етеді.

"Бізде байлыққа қатысты дұрыс мәдениет болуы керек. Ауқатты адамдар экономикада да, бизнесте де, қоғамда да көп емес. Бірақ олар бірден көзге түседі. Олардың әрекеті халықтың көңіл күйіне әсер етеді. Сондықтан бұл топты бөлек қарастыру қажет деп санаймын", – деді Айдос Сарым.

Депутат дәулетті азаматтардың нақты санын анықтау үшін арнайы есеп жүргізу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселені қарастырғанда қымбат автокөліктер, жеке ұшақтар және басқа да сән-салтанат заттарының нарығына назар аударған жөн.

Журналистер Айдос Сарымнан Құрылтай депутаттарының өзін ауқатты азаматтар қатарына жатқызуға бола ма деп сұрады. Депутат олардың көпшілігі орта тап өкілдері екенін жеткізді.

"Біздің депутаттар негізінен орта тап өкілдері. Әрине, белгілі бір деңгейде тұрмысы жақсы адамдар бар. Арамызда бизнестен келгендер де кездеседі", – деді ол.

Сонымен қатар Сарым Қазақстанда орта тап пен ауқатты азаматтардың арасындағы айырмашылықты нақты анықтайтын өлшемдер қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, халықты табысы мен тұрмыс деңгейіне қарай әлеуметтік топтарға бөлудің түсінікті жүйесі қалыптасуы тиіс.

"Менің ойымша, басқа елдердегідей бізде де халықты табысы мен тұрмыс жағдайына қарай әлеуметтік топтарға бөлетін нақты жіктеу болуы керек", – деді депутат.